Өмір — бір күн – Мылтықбай Ерімбетов

Бұл бетте «Өмір — бір күн» атты Мылтықбай Ерімбетов жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 21.04.2020
  • 0
  • 1
  • 2701
Ей, Тағдыр, тағы мені сынадың ба,
Онсыз да жүрмін Алла сынағында.
Пешенеме жазылған пәруана-жыл,
Құладым ба, ая деп, жыладым ба?

Сыннан өтіп мен қанша қиналсам да,
Шыдағанды Аллаһым сыйлар сонда...
Кешірді ғой, алды кең асыл Аллам,
Шайтан мінез жандармен бір болсам да!

Таппағандар көп екен жан айласын,
Нәпсі бұзып, айналды талай басым.
Ар деген көз жасындай, мөлдір, аппақ,
Тазарту қиын екен қарайғасын.

Өмір – қысқа, иманым – жиған жүгім,
Соны ойласын, адасып қиналды кім!
Тайғақ жолда сүрінсең, Аллаға сен,
Пайғамбар хақ, Аллаһ бір, иман-нұрың!

Жалған өмір тез өтер, асықпағын,
Аллаһ берген жылдардың басып бәрін...
Иманыңды таза ұста, саф алтынға,
Айналажақ әр тамшы қасық қаның!

Не тосқанын алдыңда білмей-ақ қой,
Адасқан пенделерге күлмей-ақ қой.
...Әні-міні дегенше, шыр айналар,
Өмір деген өткен бір күндей-ақ қой.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Раиса

Хош асыл ақын. Біреу түсініп біреу түсінбеген жаныңыз аллаға аманат! Иманыңыз жолдас болсын! Жезде деуге аузым бармай, аға деуші едік. Бақыл бол! Аға

Осы автордың басқа өлеңдері