Сенің атың — сағыныш – Толқын Қабылша

Бұл бетте «Сенің атың — сағыныш» атты Толқын Қабылша жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 27.04.2020
  • 0
  • 0
  • 2227
Іздеген кім,
ол күндердің дерегін.
Естілмейді ерке күлкім,
ерек үн.
Ең аяулы мезеттердің жоғалған,
Екеуміз де сұрамадық себебін.
Екеуміз де үнсіздікке байландық,
Бір үміттің талғажау ғып қорегін.

Тәрк еттік те,
Ғажайыптың барлығын,
Сен де,
Мен де құлатпадық ар жүгін.
Жанарымнан төгілсе де бар мұңым,
Жүрек дейтін жалғызыма сыбырлап,
Жаратқанның құлай сүйдім жарлығын.

Сен бе,мен бе,
жете алмаған байыпқа?
Тағдырымды шын ұнаттым,айып па?
Жазмышымдай менің жұмбақ шешімім,
Қиянаттай сенің қатал кесімің,
Тіл қата алмай,
Қол бұлғадым ғайыпқа.
Бұл күндері
Сенің атың сағыныш,
Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері