Өлең, жыр, ақындар

Ақыл керек

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 04.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1816
Қарамастан адалға да,
Арамға,
Жеп жатырмыз,
Бәрін жауып заманға,
От шашумен,
Артты ашумен алданып,
Құлап бара жатқандаймыз,
Аранға!
Қадалады
Қай жағыңнан,
Қай қаһар,
Кедей кердең,
Бастық астам,
Бай да тар,
Алысам деп
Жүргеніңде аюмен,
Алды-артыңды
Орап алды-ау айдаһар!
Ащы шындық
Өзекті өртеп, ашындым,
Азат елім,
Май табанға басылдың,
Қайғырамын,
Қазағымды ойлаймын,
Құрбаны боп
Кете ме деп ғасырдың?!
Ақылмандар,
Айтса шындық аһ ұрып,
Аузын жауып,
Беттен алма, бақырып,
Атқа мінген,
Үміт күткен бауырлар,
Шырылдаймыз,
Сендерді ойға шақырып !?
Жылтырақпен
Жаулап алып санаңды,
Улап жатыр
Айласымен даламды,
Құртамын деп
Ұрпағыңды келешек,
Улап жатыр,
Тұқымыңды,
Балаңды!
Ойыншығы үйіңде тұр,
Сұрағым:
Бала ойнайды
Аузына сап жыланын,
Барлық заты неге сасық,
Жылтырақ?
Тексердің бе,
Бояуының құрамын?!
Бояуымен
Баяу улап жерімді,
Жоя ма деп,
Қорқам туған елімді,
Арзан, жалған,
Жеміс, жемін жегізіп,
Атпай, шаппай,
Құртса қайттік тегіңді?!
Ерік беріп,
Сатқындарға, жылмыңға,
Алданумен
Ырду-дырду, ырбыңға,
Өзіңді өзің
Қорғай алмай ел болып,
Көріп тұрып,
Кеткенің бе құрдымға?!
Ақыл керек,
Құтқармайды құр уайым,
Үмітім бар,
Табармыз бір ыңғайын,
Мейірбанды,
Момын қазақ баласын,
Арандардан,
Аман сақта, құдайым!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Ақыл керек өлеңінің авторы кім?

Баянғали Әлімжанов — осы өлеңнің авторы.

Ақыл керек өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Ақыл керек өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Баянғали Әлімжанов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Ақыл керек өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері