Өлең, жыр, ақындар

Төрттаған

  • 05.05.2020
  • 0
  • 0
  • 1728
Тағдыр бізге тартады неше түрлі табағын,
Қабыл алмай қайтерсің, бар ма басқа амалың?
Ертең күлкі ұялайды, бүгін түссе қабағың,
Кім бар екен түбін бойлап, ұққан өмір сабағын?
***
Өткен өмір өзгермейді, өкін мейлің, өкінбе,
Бұрынғыға қайтып барған бар ма жердің бетінде?
Өткендегі қателікті келешекте түзейсің,
Ешқашан да күдер үзбе, тұрсаң да жар шетінде.
***
Шалықтама, шықтым-ау деп төбеге,
Қиын емес түсіп қалу оқыста,
Жаңа ғана жалт-жұлт етіп сөреде,
Тұрған шөлмек жатыр міне, қоқыста!
***
Тыныш түнде жүйрік еді ой неткен
Айна алдында қиял қуар бойжеткен,
Ару қыздың жан сырына қызығып
Ай сығалап, жымың етер әйнектен!
***
Қуады біреу қылжақты,
Біреулер қамал бұзбақшы,
Бәрі де заңды өмірде,
Ойлаймыз неге бір жақты?!
***
Аруларға ғашық болдым ашылып,
Сақтай білдім, сұлу сырды жасырып,
Махаббаттың шуағына бөленсем,
Жаратушым, санай көрме асылық!
***
Жаңылмайды жақсылықтың жолынан,
Келгенінің бәрін жасап қолынан,
Соны бұлдап өмір бойы сөз қылып,
Қалмайтыны тағы да бар соңынан.
***
Ескі сөздің өршітсең кеп өсегін,
Күңіреніп, күрсінбей ме кешегің,
Құмар болсаң қопаруға қоқысты,
Келешегің саған да атар кесегін!
***
Керемет деп мақтайын ба мен сені?
Кісіліктің сол болып па өлшемі,
Керегі не күпілдеген көбіктің,
Еңбегіңмен бағалайды ел сені!
***
Тамаша деп қағайын ба таңдайды?
Тойынғандар мадақ, мақтау таңдайды,
Көпшілікке күнкөріс пен жан қайғы...
Ей, бауырлар, қойсақ қайтер мұндайды!?
***
Лөктір айтса, жемейтінді жеме деп,
Кемпір айтса, желмен бірге желме деп,
Зейнет керек, мезгіл жетпей өлме деп...
Өкінбейік, тіл алмадық неге деп!
Біліп тұрып қылығының жаманын,
Қорғайсың кеп, бар ма басқа амалың,
Ағайынға қайырылмай бола ма,
Бытыстырып қойғаннан соң заманың!
***
Адам – пенде, көктемде де, күзде де,
Көк айдынға сүйресе де жүз кеме,
Пендешілік қоғамынан перделі,
Періштелік іздейміз кеп біз неге?!
***
Ананы да, мынаны да сынаумен,
Не табасың, жамандаумен, жылаумен,
Көрінгеннің мінін қазып, кір іздеп,
Кәкүр – шүкір, көр-жерден сөз құраумен!
***
Бір ісінен сорақылау бір ісі,
Бұл заманның неткен күңгірт, кір іші,
Мән үйретіп кімге дәрі болмақсың,
Өз жолыңмен жүре берген дұрысы!
***
Бақытты болып көрінер падишаһ тахыт қызығымен,
Күреске бірақ, амалсыз, жеткенде уақыт сызығымен,
Байғұспын деме, байбатша болмасаң, айға атылмасаң,
Бәрінен бәлкім, бақытты шығарсың...бақытсыздығыңмен!?
***
Иттің орны күркеде,
Құстың орны зеңгірде,
Көкке самғар қыранды,
Итқорада сөндірме!
***
Көңілімде келешекке алаң көп,
Сабыр керек, аптыққанмен амал жоқ,
Сен өзгерсең, өзгере бер, дүние,
Мен өзгермей қала берем адам боп!
***
Өмірдің мәнін жастай іздеп едік,
Көктем өтіп, жаз бітіп, күзге де ендік,
Әйттім, бүйттім дейтіндей іс қылсақ та,
Қазағым, адамзатқа біз не бердік?
***
Өмірден нені іздейсің,
Өзіңді кім деп санайсың?
Қай қисығын түзетіп,
Қай жыртығын жамайсың?!
***
Адамның ізгілік сезімін ояту –
Мәңгілік парызы ақынның,
Әлемді құтқарса құтқарар тек қана,
Шуағы мейірім, рахымның
***
Әуелі Алла ризалығы үшін еңбегім,
Адамзат одан игілік көрсе өрледім,
Алашым, сенің мерейің үшін бәрі де,
Өлең мен өнер жолында жасап келгенім!
***
Жүз тоқсанға толғанда асыл Толстой,
Ұлан-асыр жасайтындай орыс той,
Ғасырларды жалғастырған арыстан,
Алға асырып данышпандық өрісті ой!
***
Зеңгір көкте қалқып тұрған тым биік,
Айдың сырын кім ұғыпты тұңғиық,
Ай нұрынан толқимыз кеп, ойламай,
Оған сәуле тұрғандығын Күн құйып!
***
Мақталғың келсе – өзің де мақта,
Датталғың келсе – өзің де датта.
Сатулы көңіл, керегі бар ма?
Жолыңнан тайма, жөніңді сақта!
***
Жеңемін деме,
Жеңілмейін де,
Төгемін деме,
Төгілмейін де.
***
Арман болса жақсы үй,
Алды-артыңа ақша үй,
Бұл заманғы мамандық,
Тамады мен такси.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жер-ана, жолдан айныма!

  • 0
  • 0

Тұңғиық көкке
Қараймын неге телміріп,
Мұңайып жаным,
Мүжіліп іштей егіліп,

Толық

Бір-ақ сөз

  • 0
  • 0

Керегі не
Аттанның да,
Айғайдың?
Айнытады ақылыңнан

Толық

Жұмбаққа толы дүние

  • 0
  • 0

Түңіле берме өмірден,
Түңілгенде не етерсің?
Күңірене берсең күн­түні
Күпір де болып кетерсің.

Толық

Қарап көріңіз