Ақ жаныңды емдейін жырымменен – Бауыржан Үсенов

Бұл бетте «Ақ жаныңды емдейін жырымменен» атты Бауыржан Үсенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 04.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1294
Жаныма жалт қараған нышаның ем,
Көзіңдегі жұмбақ сыр құса, білем.
Бөлісейін мұңымды, қарындасым,
Жатырқамай сен менің құшағыма ен.

Біздер жайлы мейлі өсек сөз борасын,
Бөтен көрме даланың боз баласын.
Қасқыр қуған еліктей жаутаңдайсың,
Өртеп жүр мені осы бір көзқарасың.

Анық сезем жаныңда бір мұң барын,
Жай-күйіңді дірілдеп білдірді әнің.
Үлбіреген аққудай қалпың осы,
Мазағына қалып-ед кімнің, жаным.

Кімдер екен жаныңды жаралаған?
Санамды ине болып аралады ән.
Үрікпеші сен менен, аққу құсты,
Үйреткен жоқ атуды дала маған.

Мұңыңменен мұңымды бірге өрейін,
Жүрегіңе шипалы жыр егейін.
Тым болмаса жараңды емдеп жазып,
Аспаныңа ұшырып жіберейін.

Жатса да көп сындардың жауып сеңі,
Мұңлы жаның жырымнан сауықса еді.
Күлші қалқам, жанарың ашық болса,
Бақыт өзі-ақ келеді тауып сені.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері