Таба нан – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Таба нан» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3685
Жас кеттім туған үйімнен;
Көп кездім қала жатағын,
Әйтеуір —
бала күнімнен
Басталды менің сапарым.
Жататын -
үйді жылытып,
Жол қамын жасап анашым,
Қып-қызыл шоқты үгітіп,
Қыздырып қара табасын.
Абдырап.
Іштей сүйініп,
Ұстатып нанды қолыма,
Тұратын ұзақ
Сыйынып
Даланың қара жолына.
Таба нан -
анам пісірген
Бір жүрді талай жолдарда,
Аман-сау қайтып...
Ішімнен
Сыйынушы едім сол нанға.
Жыл сайын —
ұшып келем мен
Ауылға барып,
ойнақтап,
Аспан ғой қанша дегенмен,
Келеді түрлі ой қаптап.
Отырам бірақ жайланып,
Қызықтап таудың ақ басын,
Анамның ыстық ақ наны
Бірге ұшып келе жатқасын...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері