Дән жұпары
Бұл бетте «Дән жұпары» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Самалдап, сағымданып туған аймақ,
Тамызда кетуші еді
жылда жайнап...
Ішіне шыт көйлектің жел толтырып,
Жүруші ек кілең «батыр» қырман айдап.
Тұрғасын сүйеу көріп,
елің сеніп,
Ерге де ер жігітше қонушы едік.
Халықтың қасиетті ырзығы деп,
Әр дәнді торғайдан да қорушы едік.
Қалжырап,
қолымыздан әл де қалып,
Кірпіктер айқасқанда,
сәл демалып,
Жамылып жұлдыз толы көк аспанды,
Ұйықтаушы ек ұмар-жұмар дәнге оранып.
Далада бірте-бірте дыбыс артып,
Ауада бозторғайдың үні шалқып,
Тұрушы ек таңғы сәуле арасында
Жас дәннің үстімізден иісі аңқып.
Аралап кең даланың бар қуысын,
Қуалап жылғалар мен сайдың ішін,
Қоңыр жел —
күндіз-түні қырман жақтан
Ауылға әкелетін дәннің иісін.
Сол кезде мәз болатын ауыл-аймақ,
Жүзіне қан жүгіріп, жаны жайнап,
Қарайтын қырман жаққа... қариялар
Ақуыз балапанның бағып ойлап...
Жыл сайын байтақ өлкем -
Шуақтанып,
Қырынан ағыл-тегіл сый ақтарып,
Әлемге дән жұпарын тарататын
Тұрады қызыл қырман сияқтанып!
- Айсұлтан Сейітов
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі