Тағдыр – Ұлықбек Есдәулетов

Бұл бетте «Тағдыр» атты Ұлықбек Есдәулетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 11.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3045
Қандай қыстың боларын
алаш қайдан бiледi?
қандай құстың қонарын
ағаш қайдан бiледi?

Көздi ашып-жұмғанша,
өте шығар жыл қанша,
басыларсың бұрқылдап,
мосыдағы құмғанша.

Тiрiге жоқ тыныштық,
өмiр бiрақ тым ыстық,
кеудең шерге толмайды
жаратқан соң қуыс қып.

Түс көресiң, демалып,
тiстенесiң оянып,
бұлдырайды дүние,
көз жасыңа боялып.

Шимайланып қағазы,
тiрлiк саған наразы,
сенiң кiнәң емес қой
қисық болса таразы.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері