Шешім – Маралтай Райымбекұлы

Бұл бетте «Шешім» атты Маралтай Райымбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 3885
Жұлдыз ақты.
Жұлдыз ақпай тұра ма?!
Тағы бір жан нүкте қойып күнәға...
Аманатын сұрап келсе,
Артына
Тастап кеткен ешкім жоқ қой мұраға.
(Өзімді айтам!) тыныш мекен таппағыр,
Иманымен ойнап отыр қақпақыл.
Ағып түскен жұлдыздарға қызығып,
Ақшам кіріп намаз оқыр шақта бұл.
Ажал келсе Алла берген жүлдедей,
Есіл өмір есігі ашық түрмедей.
Өлім жайлы ойлай берем, неге осы,
Молаға әкеп көмбей кеткен мүрдедей.
Жалғыз шырақ күлімдейді Күнмін деп,
Акқан жұлдыз күбірлейді.
Білгім кеп —
Бүкіл ғалам сыйып кеткен кітаптан,
Қашып шығып алдыңызға тұрмын кеп.
Көкке қарап,
Жерге қарап...
О, бәрін —
Сезіп қояр жүрегіме — обалым.
Бір тілегін сіз де бір күн тыңдарсыз
Жұлдыз ақса қуанатын баланың.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері