Жез қоңырау – Маралтай Райымбекұлы

Бұл бетте «Жез қоңырау» атты Маралтай Райымбекұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 4009
Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,
Жаз ғұмыры жастықтың аз қалғандай.
Гүлдей дәурен тұратын гүл құшақтап,
Жанарында қыздардың маздап арай.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау,
Жылы үшырап тұратын көзге мынау.
Менің балғын күнімнің белгісіндей,
Жез қоңырау, қайда сол жез қоңырау?
Шеті сынық болса да, күмбір қағып,
Күмбір қағып тұратын - мың бір бақыт.
Күні батқан кісідей сені-дағы
Тастады ма лақтырып құрғыр уақыт.
Жез қоңырау сөйлейтін күз келгенде,
Күз келгенде,
Мектепке біз келгенде.
Сүйісігі те көрмеген сүйкімді қыз
Жүздесетін едім ғой сізбен мен де.
Жез қоңырау жылайтын жазға қарай,
Аққу ұшып, айдында қаз қалғандай.
Көтеріп ап жүгірсек мәз болатын
Кекіліне бақ қонған жазған бала-ай.
Қадіріңді сездім бе,
Сезбедім-ау.
Жез қоңырау!
...қайда сол — жез қоңырау?


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері