Қызыл өлең – Маралтай Райымбекұлы

Бұл бетте «Қызыл өлең» атты Маралтай Райымбекұлы жазған поэзия туралы өлең берілген.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 2827
Қасіретке боялған ба қызғыл түн,
Қиыр-қиыр қыраттар да қызғылтым.
Қоса ағарар қосағасын аңсайды,
Қойлы ауылға қиған еді ол қыз қылқын.
Сәтінде ағам отарды үйге бұратын,
Шай даярлап қырда ол күтіп тұратын.
Қапелімде қазанаттың ері ауып,
Қайғы-мұңға төрін берді мына түн.
Ықтырардай ырық бермес лаңды,
Қариялар күбірлесті Құранды.
Ағам ғана аймалайтын ақ алқым,
Жесірліктің жасыменен шыланды.
Аза тұтты ағайындар түгел кеп,
Акқа орап, алып кетті кілемдеп.
Үш жылдан соң әкем жатты оң жақта,
Қара ұлыма қамқор болып жүрем деп.
Апам сосын қара киіп қамығып,
Қара ұлы мен шалын ойлап зарығып,
Жоқтау айтып отырушы еді, оны да —
Қара дауыл қағып кетті қағынып.
Тоқтата алмай тосын келген ажалды,
Жіңішкерді, жүйкем менің қажалды.
Кетем деп ем, кете алмадым, қимадым,
Қия алмадым тірлік дейтін тажалды.
Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата-анам мен бауырымның кеп басына,
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын —
Қазылмаған қабірімнің қасында.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері