Далада сағым – Байбота Қошым-Ноғай

Бұл бетте «Далада сағым» атты Байбота Қошым-Ноғай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1776
Далада сағым.
Көкала мұнар…
Күн сұғын қадап биiктен,
жалт етiп көзден жоғалады да,
құйын боп борар киiктер.
Ал қуғын салдық тамаша көрiп,
қиқулап, мiне, барамыз.
Құба жон мең-зең…
Қараша келiп,
үскiрiк үрген қара күз.
Киiктер қашты далада маңып,
шыбындай жанын қорғалап.
Мынадан ағып,
анадан ағып,
тер жуды атты сорғалап.
Оған да қамшы тиiптi ендеше,
жосылған iз бар таңында.
Бұл – бiзге рақат.
Киiктерге ше?..
Қызық қой, өмiр, заңың да!!!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері