Бұлттардан жебе суырды жаңбыр – Байбота Қошым-Ноғай

Бұл бетте «Бұлттардан жебе суырды жаңбыр» атты Байбота Қошым-Ноғай жазған табиғат туралы өлең берілген.

  • 12.07.2020
  • 0
  • 0
  • 1155
Бұлттардан жебе суырды жаңбыр,
тарқатты күймен жер шерiн.
Уыз ұрттады уылжыған гүл,
көктемнiң емiп емшегiн.
Арнаға симай сылдырап аққан
тасыды бұлақ сол мезгiл.
Көкiрегiне гүлдi қадатқан
қызға ұқсап жатыр кербез қыр.
Сайқымазақ жел жұлқыды бақты,
бұтаққа ілініп бұрымы.
Алатау жақта бұлт ыдырапты,
сала алмай шыңға құрығын.
Жотадан әрi қашып барады
бiр уыс қарды ұрлап қыс.
Бiлегiн көкке асып қалады
шелектен босап сырлы әпкiш…


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері