Шырпысын жағып сенiмнiң шалғайға кеткем – Нұржан Қуантайұлы

Бұл бетте «Шырпысын жағып сенiмнiң шалғайға кеткем» атты Нұржан Қуантайұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 01.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1004
Шырпысын жағып сенiмнiң шалғайға кеткем.
Әспеттеп жүрiп,
Әйтсе де, «әй, қайда» деп пе ең.
Қарашы көк тас – көңiлге жаңғыртып тауды
Меңiреу құздан еңiреп, айғайлап өткен.
Түсiмде ғана өзiңмен айна көл кешем,
«Түсiрiп қолға, – дедiң бе, – айды әпер әсем».
Қателесесiң, қарағым, ай аңқау,
Өмiр су төгiлмес жорғадай жайлы екен десең.
Жүргем жоқ сыртта сырғақсып,
Жыр құрап жарып,
Қоңырау күндер естiлер сылдырап анық.
Естiлген бөлек, қарғам-ай, көрiнер көзге
Ақ жауын жуған әйнектей бұлдырап қалып.
Жүр едiм жалғыз жаяудай жол күтiп көптен,
Жолаушы бұлттар жаңбырын сорғытып көктен.
Отырмын ендi, артынша ойларым барар
«Жедел жәрдемдей» ойбайлап орғытып кеткен.
Алдаған гүлдi алақтап қайтемiн терiп,
Әрлемес, бiлем, келемiз әйтеуiр көрiп.
Құдай-ау, сақта, асаудай шылбырын үзген
Лап ете қалса қанымда қайта бiр желiк...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері