Жүйрік тірлік – Кеңшілік Мырзабеков

Бұл бетте «Жүйрік тірлік» атты Кеңшілік Мырзабеков жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 31.08.2020
  • 0
  • 0
  • 1081
Өтеді өмір.
Барлығын да көрерсің,
Өкінерсің, бекінерсің, көнерсің.
Жығыларсың, жүгінерсің, жеңерсің,
Жарысарсың: озып, қалып келерсің.
Өтеді өмір.
Барлығын да көрерсің,
Балдай ләззат, удай азап шегерсің.
Талай гүлдеп. Талай жүдеп семерсің,
Бірден емес, бірте-бірте өлерсің.
Өтеді өмір.
Барлығын да көрерсің,
Көре-көре дүниеге сенерсің.
Көзің жетер: өзіңе-өзің дұшпансың,
Өзіңе-өзің демеушің мен жебеушің.
Көзің жетер, көзің жетер бір күні
Өзіңе-өзі жеткізбейді тірлігің.
Жүйрік тірлік, жеткізбесең жеткізбе,
Ұрпағыма іліксін тек шылбырың!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері