Майлин мен Мырқымбай
(баллада)
– Әй, құдай-ай, ауылнай-ақ қорлады-ау,
Соған тыю, соған жаза болмады-ау! –
Деп Мырқымбай, қаны қатып демінде
Қалш-қалш етті, жүрегінде жанды алау.
Тап сол кезде ағаш түрен морт сынды,
Арық жирен кирең етті, мерт сынды.
Үсті-үстіне жауды-ай келіп жұдырық,
Ал Мырқымбай тұтанатын өрт сынды.
Тұрды тынып, тұрды түтеп, түтігіп,
Тұтанатын жалғыз сәтті күтініп.
Бұл ашудан, көтеремнен көк жирен,
Екеуі де атады ыза-ықылық.
...Тап сол кезде көктен бір бұлт түйілді,
Көктің бұлты жерден құйын үйірді.
Тап сол кезде туған топырақ – төркінге
Бейімбетке тағы бір жол бұйырды.
Көк бұлтымен, құйынымен даланың
Жаңа заман сездіргендей хабарын.
Революция бұлт астынан сәуледей
Шығады алып революция адамын.
Дауыл өткен...Толас мезгіл болса да,
Дала күңгірт. Бұлт ала да, жер шола.
Сол даланың құйынындай ой-сана,
Жүрді ұйытқып сала-сала, сан сала...
Ақын Майлин, өкіл Майлин баяғы
Бала көзбен туған жерге қарады.
Анау әне – Қоржынтомар, Қотыркөл,
Анау – Бөрлі бөрі аузындай жаралы.
Анау әне, Құрымбайдың қыстауы –
Жігіттік пен жоқшылықтың қыспағы.
Көкжиекте қайран «Шұға белгісі»
Қылтылдайды топырақтан тысқары.
Ақын Майлин, өкіл Майлин бұл жолы
Күрсінбеді, қуанып та күлмеді.
Өзек өртер өкініші халқыңның –
Сол-ақ екен дүние кілті, ділгері.
Сол-ақ екен дүние кілті, ділгері,
Көңіл-қиял болсын қанша ілгері.
Ақын Майлин қуанбады, күлмеді,
Өкіл Майлин ой үстінде бұл жолы.
– Бейімбетжан!
– Келіп қапты Биағаң!
Құйттай ауыл құрым үйге шұбаған.
Құрым үйде жоқ байлықтың белгісі,
Тек бесікте жас нәресте жылаған.
Жас нәресте – жаңа туған жас иіс,
Ақын үйге ене берді асығыс.
– Отағасы – өзі қайда Мырқымбай?
Келін, қалай? Құтты екен ғой осы қыс!
– Шүкір, шүкір, аққа аузымыз тиді, аға,
Жаңа-жаңа бастадық қой илана, –
Деп келіншек апыл-ғұпыл жинала,
Абыржиды...
«Қайдан жүр, – деп, – сыйлы аға».
Сөйткенінше, үй сыртынан Мырқымбай,
Айқай салды ашуменен бұрқылдай:
– Әй, құдай-ай, ауылнай-ақ қорлады-ау
Жүйкемізді жеген жегі құртындай!
– Оу, Мырқымбай!
Беу, Мырқыекем, бармысың,
Бәтірім-ау, қалмапты ғой қарғысың! –
Деп Бейімбет сыртқа ырғып шыққанда,
Жерге Мықаң тастай салып шалғысын,
«Биағалап» қаусырғанда бөктеріп,
Ырқы қалмай құшаққа бұл кетті еніп.
Мырқымбайдың бетке тиген демімен
Ақын Майлин, өкіл Майлин кетті еріп...
– Беу, Мырқымбай, жүрмейсің жай өзің де, –
Деп Биағаң ойнады әзіл көзінде.
...Ауылнай Мырқымбайдың жиренін
Жетектеп кеп тұрды іңірдің кезінде.
Бұл оқиға дәл де, мүмкін, дәл болмас,
Діттегендей дәл болуы заң болмас.
Қара күші – таза күші дәуірдің,
Өзі де күш тазалықты танудың,
Майлиндердей Мырқымбаймен бол жолдас!
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі