Бұл бетте «Үстірт барсаң, дүзді көр» атты Есенғали Раушанов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Светқали Нұржанға
Үстірт барсаң, дүзді көр,
Дүз дегенім – қасқа болған біздің ел.
Үстірт деген – оқиғалар керуені,
Оқулыққа кірмей қалған сіз білер.
«Қызыләскер жақын қалды, таяды, ә,
Ал, кес, інім, басымды кес, аяма,
Басымды әкет, дене құрсын, Басты әкет!
– Ақыретте көрісерміз, әй, аға».
Іні кетті, тірі кетті жас берен,
Құдіретті ала кетті Бас деген.
...Құдыққа айттым бұл тарихты жасырып,
Талай жылдар тауларға айттым тас керең.
Үстірт деген – мұз құрсаған кең аймақ,
Үскірігі бұлтты қуар кері айдап.
Бұлттарға еріп қаңғып кеткім келеді,
Жаралы ағам жалғыз қалды-ау деп ойлап.
Е, шерлі аймақ, шерлі аймақ,
Бұл әлемде жер бар ма екен сендей нақ.
Жерлей алмай алтын басын ағаның,
Желмен бірге көшіп жүрген мен бейбақ.
Райгул
Есенғали мен Светқали поэзия алпауыттары.