Айтамын замандасқа біраз кеңес
Б і р і н ш і ж і г і т
Айтайын замандасқа біраз кеңес,
Жігіттік талап еткен жаман да емес.
Өнермен талпынам деп орға түссе,
Өкініп өз ісіне қайғы жемес.
Атағы артта қалған кей сабаздың
Өлсе де оның сөзі өлмек емес.
Жұлдызы ер жігіттің оңынан шығып,
Бақ қонса ғажап емес ертелі - кеш.
Келгенде оралыңа ойнақтап қал,
Келмейді қайта айналып бұл жиырма бес.
Жастықта әр тараптың басын шалсаң,
Қармақты тәуекел деп суға салсаң.
Еңбегін еңбектеген кетпес зая,
Міндетке бір жетерсің ойыңа алсаң.
Жігіт бар он үш түрлі біз білетін,
Соларды баяндайын құлақ салсаң.
Әуелі абзалында жігіт басы
Биік боп тұрар оның дәрежесі.
Бәйгеден күнде келген ол бір саңлақ,
Жабының тең келмейді жүз бағасы.
Ілмейтін көлден таңдап қудан басқа
Алынған ақ тұйғынның томағасы.
Бір мінез, әрі дана, дарқан лебіз,
Айнымас темір қазық уәдесі.
Қолға алса күллі жанды раушан еткен,
Дүниенің мысалы абзал гауhар тасы.
Е к і н ш і ж і г і т
Екінші бір жігіт бар баулы құстай,
Бауынан босанбайды жазы, қыстай.
Ерігіп құсқа салса ілмей түспес,
Босатар тегеуріні мықтап қыспай.
Зауыттан жаңа шыққан екі жүзді
Алмастай, майысатын емес мыстай.
О - дағы қаз ілгендей бір қаршыға,
Жіберсе бабын тауып көлге нұсқай.
Ү ш і н ш і ж і г і т
Үшінші бір жігіт бар толық торы,
Ойлайды кез келмес деп дұшпан оры.
Ауызбен «нағыз асыл жігітпін» деп
Кеудесін көтеретін таудай зоры.
Құлашын жас кезінде сермей алмас,
Жетсе де неше апатқа созған қолы.
Аударып бірін - бірі әкете алмас,
Тең тұрар таразыда оң мен солы.
Қырандай бау аспаған көлбелеңдеп,
Көмескі із түспеген жүрген жолы.
Білімін бір жігіттің білсе - дағы,
Не керек зайығы кеткен білген молы.
Т ө р т і н ш і ж і г і т
Төртінші бір жігіт бар мінезі ауыр,
Асылзат ажар берген өңі тәуір.
Жетсе де неше атырапқа атақ даңқы,
Қажымас қара етті аттай берік сауыр.
Алмайма аманатын қолын созса,
Желдетіп соқса - дағы үлкен дауыл.
Топ көрсе бәйге атындай шабатұғын,
Тұрады жалы барға өкпе - бауын.
Б е с і н ш і ж і г і т
Бесінші бір жігіт бар терең ойлы,
Сыр айтып еш адамға бермес бойды.
Өнерін жақсы - жаман іште сақтап,
Шығарып майда тілмен паруат қойды.
Адамға жүйрік ақыл бере тастап,
Талайдың қабыл - ғапыл сырын жойды.
Түсіріп ақ көңілді қайласына
Ішінен бітірместен бітеу сойды.
Ол жігіт түлкіге ұқсас айлакер - ді,
Із тастап бірдей жортты ой мен қырды.
А л т ы н ш ы ж і г і т
Алтыншы бір жігіт бар қарқылдаған,
Арсызды ілтифат қып алқымдаған.
Ақ жарқын, ашық, ықылас ол бір шахуаз,
Ақ көңіл, ашық мінез аңқылдаған.
Ажалсыз маған тағдыр келмейді деп,
Қарысып дұшпанынан тартынбаған.
Ж е т і н ш і ж і г і т
Жетінші бір жігіт бар желдей есер,
Байлаусыз әр сөзінің артын кесер.
Бір көрген жат адамға сыр алдырып,
Сырының іштен жанған бәрін шешер.
Баянсыз ұшпа бұлт секілденіп,
Дүниеден бейопасыз күні кешер.
С е г і з і н ш і ж і г і т
Сегізінші бір жігіт сегіз қырлы,
Нық сөзді, раушан көңіл жалғыз сырлы.
Сөзінен тартқан сымдай теріс шықпай,
Сау басын шатыстырмас іске кірлі.
Құйқылжып ақ бүркіттей төңкеріліп,
Сөйлейді әр мәжілісте әрбір түрлі.
Жігіттің оңды - солды құлқын танып
Әркімнің өзіне сай табар тілді.
Т о ғ ы з ы н ш ы ж і г і т
Тоғызыншы бір жігіт бар қоңыр бөрік,
Жел шықпай қозғалмайды белгі беріп.
Тасандап шана тартқан өгіздей боп,
Шығармас сырын сыртқа сондай берік.
Кісіден алса алып, өзі бермей,
Қайла мен ақылына болған серік.
Қызбайтын топты көрсе қалың тері,
Базарда бағасы бар қырық теңгелік.
О н ы н ш ы ж і г і т
Оныншы бір жігіт бар қатын жанды,
Киеді қатынынан артылғанды.
Аяғын қия жерге бір баспайды,
Алдынан құрулы арқан тартылған - ды.
Біріне - бірі сондай машықтасып,
Қызықпен таңды сондай атырған - ды.
Бұл жігіт әйелменен бірге қисап,
әйелге жақын келіп ғапылданды.
Әйелдің қолтығына кіріп алып,
Не айтса бәрін соның мақұлдады.
О н б і р і н ш і ж і г і т
Бір жігіт он бірінші өсек айтар,
Ауызбен көп адамды ол байытар.
Кішкене торсығына сөз құйып ап,
Апарып әр ауылға барып шайқар.
Жамандап бірді - бірге құйылыстырып,
Қуанып ат алғандай үйге қайтар.
Дұрыс сөз ақылынан шықпаса да,
Қынадан жаман сөздің түбін байқар.
О н е к і н ш і ж і г і т
Бір жігіт он екінші кербез сал - ды,
Бойына адамдықты жиып алды.
Өзіне өзі жұмысы мақұл болып,
Көзіне кеңес айтар ілмес жанды.
Кісіге бойын беріп жақын келмес,
Семірген мәстек аттай майлы жалды.
Сіресіп сықырлаған тәкаппар боп,
Ойланып өзгелерден білмес халді.
Майданда кейбір жігіт жалғыз тұрар,
Ойға алмай санамастан дүние малды.
О н ү ш і н ш і ж і г і т
Жігіттің тағы бірі түссін еске,
Семірген ол бір сабаз қара күшке.
Базары жігіттіктің ойында жоқ,
Ойланып білмек түгіл кірмес түске.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі