Жаным қысылып, жанып тұла бой – Дәурен Айманбетов

Бұл бетте «Жаным қысылып, жанып тұла бой» атты Дәурен Айманбетов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 02.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1142
Жаным қысылып, жанып тұла бой,
Қанатын сермеп, талып қырағы ой.
Сағына берер өзіңді жүрек,
Қайырылмай мейлі зарықтыра ғой.
Зарықтыр және... Тағы да көкем.
Ақыры қоймай сағынады екем.
Арызым жоқ-ты, өзімнен көрем,
Махаббаттың бұл заңы да, не етем.
Сыңғырлап сәнқой сезімшіл бұлақ,
Оянды бақтар көзін сызғылап.
Келеді деп-ем, көктем боп ертең,
Оралды көктем, өзіңсіз, бірақ.
Келе де берер әлі сан көктем,
Тілегім солып, табысар көкпен.
Сонда да жүріп жолыңды бағам,-
Сағыммен бұлдыр жарыса кеткен.
Тосамын, тосам, біткенше өмірім,
Күмәнданса да тіптен сенімім.
Алдаса алдар, үмітімді үзбен,
Келместен менің күткен серігім.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері