Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр – Ерлан Аманқожаұлы

Бұл бетте «Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр» атты Ерлан Аманқожаұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 05.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1019
Сүйрегенім жүрегі жоқ дене құр,
Тамырымда күлкі ағады сыңғырлап.
Көре алмайтын күйге салған мені өмір,
Кірпігіме еккен жалғыз гүлді ұрлап.
Самарқанның сұлуындай түпкі аңыз,
Шайыр қылған жүрегімді тілі еркін.
Жарығынан табылмайтын түк маңыз,
Сондықтан да маған фәни кілең түн.
Жанарымды алып ұшқан құсым сен,
Құдірет ең әр таңыма жол ашқан.
Шын сүюдің тоналғышын түсінсем,
Соқыр болып жаралар ем о баста.
Қанағатым сені көрген сыйлы аз күн,
Жер бетінің нағыз мәні арайлым.
Осы күнде қызына да Шираздың,
Түк қызықпай қарашықсыз қараймын.
Жанарымда жалғыз сабақ қуарып,
Паналайды Баян қыздың қабырын.
Таңды іздеймін жасымменен суарып,
Кірпігімнен үзген гүлдің тамырын!...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері