Құтты қоныс кез болып – Сайлаухан Нәкенов

Бұл бетте «Құтты қоныс кез болып» атты Сайлаухан Нәкенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 29.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1029
Құтты қоныс кез болып,
Алты әлемге сөз болып.
Қолға ұстаған топырақ
Құйылыпты жез болып.
Нелер-нелер дүр кiлең
Көз салыпты дүрбiмен.
Құжынапты саудагер
Арабтан да, Үндiден.
Жүзiп өтiп Жайықты,
Бақалшы да байыпты.
Шартараптан келгендер
Бар тарапқа жайыпты.
Гот тiлi де: «Жез», – дедi,
Латындар да: «Жез», – дедi.
Бiрақ олар бұл сөздiң
Түп төркiнiн сезбедi.
Жез алтын боп өтiптi,
Алқа болып кетiптi.
Кавказ келiп көруге,
Балқан алып кетiптi.
Өзiнде жоқ болғандар
Неменеге асады?..
Ал қазақтар тiптi одан
Тегене де жасады...
Кенге толы айналам,
Шiркiн, менiң бай далам!
Ендi бүгiн тұрсың сен
Жезқазған боп жайнаған.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері