Өлең, жыр, ақындар

Болашақ анаға хат

Анашым, сәлем!
Қалыңыз қалай?!
Тыныш па?
Менікі жақсы, жатырмын қазір қуыста.
Көбірек енді көңілді маған бөлесің,
Бүгіннен бастап бармайтын болдың жұмысқа.

Салмағым өсіп, үлкейіп кетті ішіңіз,
Баспалдақтардан,
Абайлап, жайлап түсіңіз.
Уақытыменен,
Ұйықтап, ана, демалшы,
Маған жақсы ғой,
Көп болып жүрсе күшіңіз.

Сөз беріп кеше,
"Тимеймін Сізге" деп едім,
Байқамай тағы,
Қозғалып Сізді тебемін.
Қол-аяғымды басқара алмай жүрмін мен,
Білмеймін Ана,
Білмеймін оның себебін.

Дауысың тәтті,
Жағымды шіркін құлаққа.
Кездескім келед,
Тез өтіп айлар, күн, апта.
Аман-сау мені көтеріп келе жатырсың,
6 ай толы, болды ғой небір сынаққа.

Дайын ба екен жататын менің бесігім?
Таңдалды ма екен,
Болашақ менің есімім?
Дәрігер кеше,
"Сәуірде туад(ы)" деп еді,
Тез ашсам екен,
Жарық әлемнің есігін....

© Н. Қизатұлы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар