Өлең, жыр, ақындар

Достық парыз есеп емес ұққанға

  • 23.12.2020
  • 0
  • 0
  • 706
Заманынан бері қарай әлімсақ
Қазақ халқы дос дегенде кеңқұшақ.
Керегелес, үйі іргелес тұрса да
Болған емес қырғиқабақ, қырықпышақ.
Осындай бір пейілі кең елім бар,
Пейіліне берген Тәңір жерім бар.
Құшағымда қонақжайлық көңіл мен
Ошағымда ұсынатын төрім бар.
Төрлет, асыл досым, төрге шығып ал,
Бүгін саған айтар біраз сырым бар.
Тас жарса да, бас жарса да қуаты
Сен дегенде майдаланар тілім бар.
Осы тіл деп бабам менің шарқ ұрған,
Осы тілмен бағам менің артылған.
Төл тілімді сыйлаған жан қашан да
Ықыласын көрер жомарт халқымнан.
Алдына тосып тұзын әр кез ұлтым,
Қызмет етіп сыйлайды жолдас-жұртын.
«Көрші мен дос ақысы – Хақ еншісі»
Деп үйреткен дінім мен ұлы ғұрпым.
Аталарым ардақ тұтып сақтаған
Дәстүрім бар, мәдениетім, салт-санам.
Салмағы оның басқа емес, досқа сын,
Мұны ұқпас тексіз ғана хас надан.
Тарихымен талайларға танылған
Далам жатыр ақ сағым нұр жамылған.
Бірлік пенен берекеге шақырып,
Тауым да тұр Ұран-Оты жағылған.
Достық басын шығарып бір жағадан,
Қол ұсынса еліме егер әр адам,
Ұлтына да ұлысына қарамай
Тумаса да туысыма балағам.
Жо-жоқ, бұрыс түсінбе тек мұнымды,
Қабылдама бағалау деп құнымды.
Және-дағы соңғы айтарым, қанекей,
Естен шығар есеп деген ұғымды.
Дос мойынға артылар сан жүк барда
Достық парыз есеп емес ұққанға.
Шын достықтың шартын тұтқан шынайы
Сезім ғана пана болар ықтарға!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақылды Қожа

  • 0
  • 0

Тұрар әр кез жаңа атқан таңға ұқсап,
Шіркін, қандай тамаша еді балғын шақ?!
Тауыса алмаспыз бар қызығын біз оның
Қаншама рет әңгімелеп жар қылсақ.

Толық

Сезім аксиомасы

  • 0
  • 0

Аксиома – дәлелдеуді қажет қылмай, ғылыммен
Фигуралар қасиетін көрсететін тұжырым.
Мендік сезім дәл осындай,
жеткізе алман тіліммен,

Толық

Сөзбасы

  • 0
  • 0

Лә Иләха ИллАлла!
Сөзімнің басы – кәлима.
Кәлима қонса жүрекке,
Жеткізіп қолды медетке,

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер