Бауырсақ

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 02.01.2021
  • 0
  • 1
  • 2890
Есіме қайтып ене алмас,
Желді күн яки тымық күн.
Қай сәтте анам ең алғаш
Бауырсақ берді?.. Ұмыттым.

Әлде ол шешем, әкем мен.
Базардан алған ұн шығар?..
Әлде оны сатып әкелген
Саудагер жылпос ұншы бар?..

Әлде оны жақын туыстан
Әкелген аштық – ауыр шақ?..
Әйтеуір титтей уыстап
Шығармай жедім бауырсақ.

Қызық қой тірлік дегенің,
Қуансақ, қатты ауырсақ;
Әйтеуір, үзіп жегенің
Анадан қалған бауырсақ…

Жемесек оны түске енген,
Ояндық талай тамсанып…
Дастарқанда ол тістелген
Өлгендерге де там салып…

Қонаққа тамақ істелген
Құйрыққа қоса бауыр сап.
Сол қонақ бізге түстенген
Қоржыннан алып бауырсақ.

Не жетсін наның піскенге,
Бесікке бала бауын сап?!.
Не жетсін келін түскенге,
Төбеңнен жауып бауырсақ?!.

Ей, жұртым!.. Егер осы біз
Бір дәмге тура бағынсақ…
Шаңырақ, ошақ, мосымыз
Мойындап келген бауырсақ!…

Ақшалы яки малды – мен…
Алақан жайса немерем.
Басқадан бұрын, алдымен.
Бауырсақ бермей не берем!?

Басыңнан өтер календарь –
Жүдеу шақ әлде тәуір шақ!
Бәрі бір!Сен бар – әлем бар,
Бауырсақ керек!.. Бауырсақ!..


Пікірлер (1)

Айсана

Әдемі емес

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Бауырсақ өлеңінің авторы кім?

Хамит Ерғалиев — осы өлеңнің авторы.

Бауырсақ өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Бауырсақ өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Хамит Ерғалиев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Бауырсақ өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері