Өлең, жыр, ақындар

Қобыз сарыны туралы өлеңдер

  • 12.11.2015
  • 1
  • 1
  • 10732
Ықылас
Жатқанда жер құпиясы құлпын ашпай,
Хақ тәңірі пендесімен сыр сырласпай,
Тылсымын көк пен жердің шешу үшін
Дүниеге келді біреуі Ықыластай.
Құдайдың ықыласын кетті аударып,
Аңырап шыққан бір үн көкті жарып,
Азынап жердің мұңы, күңіренісі,
Алланың құлағына жетті барып.
Жер-ана Ықылас деп қойған атын,
Жайғанда бар ұлысқа күй қанатын,
Оятты ол он ғасырды аттап түсіп,
Баяғы Қорқыт-ата аманатын.
Шанағын шаңнан сілкіп көн қобыздың
Қаптаған терісімен көк өгіздің,
Оятты ол дабылдарын, дауыстарын
Баяғы Қыдыр қыпшақ, көне Оғыздың.
Баяғы баба түрік саздарынан
Сыр тартып, самаладай маздады жан,
Оянды сар даланың батырлары
Жеңімпаз жалауына жазған ұран.
Түріктің шаңырағын ұстап қалған
Бар ма екен қазақта арман, қыпшақта арман?
Бар ма екен, о, дүние, Ықыласта арман
Қобызын Қорқыт-ата құшақтаған!
Сол үшін Ықыласқа табынам мен,
Күй санап, сөз көбейтіп не ғылам мен?
Тірілтер ата-баба, ел мұрасын
Тағы бір сондай ерді сағынам мен!
2. Ықластың қобызы (Аңыз-шындық)
I
Білмеймін тегі қай ағаш -
Әлде шындық, әлде аңыз,
Бейне жүрек жалаңаш
Күрең шанақ шал-қобыз.
Алдымда жатыр үн-түнсіз,
Үзілген қылы-ыспасы.
Жатыр ма сөйлеп ың-шыңсыз
Көне бір заман нұсқасы.
Бізде ықылас болғанмен
Ықыласы жоқ,- иесі.

Ол қоштасып жалғанмен,
Қобызда қалған киесі.
Зал тым-тырыс, Мұражай.
Жағалай қобыз әулеті.
Қиқымы қалған шұғадай,-
Тұғымы Ықаң - Дәулеті.
Сөз алды бір кез толғанып,
Кірпікте жасы жылтырап.
- Уа, инабат, сенім мол халық,
Атамнан қалған бір шырақ.
Жүз жылдай жанып келіп ед
Біздің үйдің ішінде,
Шешем байғұс еңіреп
Ұстатпайтын кісіге.
- Әкемнін көзі - өзі,- деп,
Қалды жылап ауылда.
Баладан артық көріп ед,
Басып келген бауырға.
Бәрін несін айтайын,
Таусылмайды ертегім.
Мен солардың, ағайын
Бірін ғана шертемін.
II
Отыз екінші - жыл қырсық,
Ел қазаққа батқан жұт.
Жолдың бойы ыңырсып
Құлап-сұлап жатқан жұрт.
Сарысудан көк суға
Көтеріле ауған ел,
Баяғыда шөп шыға
Мал емшегін сауған жер.
Енді мал да, жан да жоқ,-
Ағайын да, туыс та.
"Талма, өзегім, талма" деп,
Қуырып жеп құмырсқа.
Қоңыз терген, шөп қаузап,
Босқан жайы белгілі,
Омыраудан жас саулап
Еске түсіп шер күні.
Шешем байғұс шертетін
Сол бір жылдар апатын,
Өзегіңді өртейтін
Хикаялар айтатын.
- Бір күндері,- дейді анам,
Әлі келмей сөйлеуге.
- Еш қауһар да қалмаған
Сүйегімізді сүйреуге.
Сонда әкеңнің айтқаны:
- Қажытты ғой жол бізді,
Қажатпашы арқаңды,
Таста мынау қобызды!
Өкпелемес әулие,
Қарғысына шалдырмас,
Қараң қалғыр дүние
Кімді жолда қалдырмас.
Сексеуілдің ішіне,
Құм астына көмейік,
Бір алланың ісіне
Шара бар ма, не дейік!
Сонда шешем күңіренген:
- Бұл сөзіңе көнбеймін,
Мен әкемді бір көмгем,
Екінші рет көмбеймін.
Онан дағы таста де,
Мынау сәби балаңды.
Енді амал басқа не
Мал да, жан да таланды.
Аман болсақ, мал бітер,
Бала бітер бойыма,
Бола бермес мәңгі шер,
Балам жоқ деп мойыма.
Бірақ... бірақ қазақтан
Енді Ықылас тумайды.
Бұл қобызды жоғалтсаң,
Жеті жұртың шулайды.
Не дер ұрпақ ендігі,
Не дер бізге келер күн?
Өлсем дағы мен мұны,
Құшақтап жатып өлермін!
Дегенім әлі есімде,
Көп қой мұңым, қапам да
Құмға батып бесігі
Бала қалған жапанда.
Бәрі қалды не керек,
Тірі қалдық аман-сау,
Сол қалуға бір себеп
Қобыз шығар осынау.
III
- Мен осылай шығарда
Қолға қобыз өңгеріп,
Халы келмей жылауға,
Тек ішінен күңіреніп.
Қалды байғұс сол анам,
Қалмасына жоқ шыдам.
Кейін тағы оралам,
Кейін әкеп тапсырам.
Мұражайдың төрінен
Орын алар бұл қобыз.
Атам аты берілген
Бұл да үйім ғой бір егіз.
Көз қандырып қалыңдар,
Көру үшін әкелдім.
Анам айтқан сөзі дәл:
"Көзі еді деп әкемнің".
Ол да мауқын бір бассын,
Апарайын қайтадан.
Сөзімді екі кылмаспын
Сертке басым шайқаман".
Деді Дәулет - ойлы ағаң,
Біз отырмыз қия алмай,
Бір тылсым күш байлаған,
Еркімізді жия алмай...

Қызыл талша - қыз Раушан
Алтын үкі былғақтап,
Былғақтаса, күй қаптап,
Ақ саусағы бұлдырап,
Ақ моншағы сылдырап,
Қара көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп,
Қыпша белі бұралып,
Қиғаш қасы - бір әліп,
Қыз Раушан - қызыл тал,
Өзі сері, өзі сал,
Ықыластың күйлерін
Қар суындай жүлгенің
Жүйкіткенде, жүйенің
Бәрі босап, балқыды-ау,
Шабыт шіркін шалқыды-ау!
Көздің алды - көк аспан,
Көк аспанға ұласқан,
Ақша бұлттай зымырап,
Етек-жеңін жиып ап,
Күй көшеді шалғайға,
Шақыра ма, арбай ма,
Еңірей ме, жылай ма,
Шағым айтып құдайға,
Боз інгендей боздай ма,
Қоңыр қойдай қоздай ма,
Шаншыла ма сүңгідей,
Қанды жорық күнгідей,
Бір күйден соң бір күйге
Үйрек саусақ сүңги ме,
Қайта көктем оралып,
Жер жібекке оранып,
Ояна ма махаббат,
От сезімдер анталап,
Сонда мына қызыл тал -
Бірде қымыз, бірде бал
Жұтқыза ма көмейге,
Біз секілді кедейге!
Қызыл талша - қыз Раушан,
Бұл дүниеде сен болсаң,-
Қобыз болса, күй болса,
Хақтан келген сый болса,
Қайран баба Ықылас
Өлмейтіні ып-ырас.
Қыз - өріс те, ұл - мирас.
Әулет жолы қып-қиғаш,
Алысқан қол айтқан серт -
Дүние деген бір концерт,
Мәз боламыз - боп аң-таң,
Көп соғамыз алақан,
Өмір көшсе алаңсыз,
Ақырғы рет бір шолып,
Сонда біздер қалармыз,
Қол емес-ау сан соғып...



Пікірлер (1)

Амина

Өтінем кобыз туралы такпак айтыңдарш

Пікір қалдырыңыз

"Кітапхана" журналына

  • 0
  • 0

Сәлем, саған - сағындырған жас перзент!
Сен қарыштап туа салып, өс, ержет!
Бүкіл қазақ кең даласын арала,
Малшылармен тауға шығып, төске өрлеп!

Толық

Ағаны аңсау

  • 1
  • 0

Тоқсанға толған күніңде,
Тоғыса алмадың халқыңмен.
Көрісе алмадың дүние,
Дүрілдеп тұрған даңқыңмен.

Толық

Қарт дастан

  • 0
  • 0

Қордайдың әдемі атқан ақ таңында,
Даланың самалы ойнап ат жалында,
Сау желіп, бұлбұл қағып келе жатқан

Толық

Қарап көріңіз