Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл – Ғалым Жайлыбай

Бұл бетте «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл» атты Ғалым Жайлыбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1894
Еспейді самал таңменен
Шалдыққан шартарабымда.
...Жазира Жаңаарқам менен
Қара орман Қарқаралымда.
Мұң емес – мұқалмас қайғы,
Ғасырдың қауіпті өткелі.
Жусаны жұпар шашпайды
Ақбөкен ауып кеткелі.
Келгендей Арқаға құрдым,
Тажалға лағынет, мейлі –
Жаңаарқа, Қарқаралының
Базарда малы да өтпейді.
Кигенде алаңсыз кепті,
Қартым-ай, ретің сынар:
«Гептилді залалсыз депті,
Өкімет білетін шығар...
Қайтейін, асығыс бәрі,
Жөн еді қашық ұшқаны.
Ресейдің құламаса екен
Зымыран тасығыштары».
Арқам-ай, арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала... жүдеп.
Құрдасым тартады арақты:
– Уды у қайтарады, – деп...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері