Өлең, жыр, ақындар

Мінез

  • 12.02.2021
  • 0
  • 0
  • 403
(диптих)
І
«Мінез керек, – дейді ме ел, – өлеңге шын»,
Маңдай терім төленсін, төленбесін.
Жыр жазамын. Бір күні жетермін-ау,
Алысқа ұзап кетсе де менен көшің.
«Мінез керек!» дейді анау екіленіп,
Ол сөзді ести кеткен-ді етім өліп.
«Баспағанда кітабын бәленбайлар,
Қолжазбасын тастаған екі бөліп.
«Мінез – осы!» деп, маған дәлелдемек,
Бетпақтардан тұрмақ па әлем, демек?
Бағалар ма мені де, бермей кетсем,
Үлкендердің біріне сәлем кенет.
Келіспеймін мен оған, жаратпасын,
Кетсеңдер де қоспай-ақ санатқа шын.
«Мінезді» боп көрінер көп «даналар»,
Айналдырған кезінде арақ басын.
Кедергінің аяғын мың сан құштық,
Тырнақтарын жауыздың жұлсам күш қып.
Әдептінің мазарын бұзғандардың,
Бас сүйегін қояр ем күлсалғыш қып.
Қаншалықты білмеймін қарымымды,
Көрсете алмай келемін дарынымды.
Өзіңе ұқсас мінезім: тұйықтаумын,
Түсінгейсің, Жер-Ана, қара ұлыңды.
Ұяңдығым жалғасқан ізгілікпен,
Күй кешпедім мәні жоқ қызғылықпен.
... «Мінезділер», даурықпай көз тоқтатып,
Қараңдаршы бір сәтке бізге үмітпен.

ІІ
Ілиясты көрмедім, Қасымды да,
Екеуі де жалт еткен жасын жүдә.
Нөсерге ұқсас жырлары дүркіреген,
Жауып тұр ма, әлде олар басылды ма?
Толастамай жауса екен, басылмасын,
Айта қою қиын ғой асылға сын.
Мөлдіреткен сезімді Ілиясым,
Түсе берсін әркімнен басым, басым.
«Жылқы малы әуелден ырысым ең»,
Кісінейді Құлагер жыр ішінен.
Ән салады Ақан да бебеулетіп,
Асып түсер бір ісі бір ісінен.
Осыдан-ақ көрінер пішіні алып,
Тым самғатып әкетер кісіні алып,
Ақанмен де мінездес сері емес пе,
Әр сөзіне мән бере түсін анық.
Айта қою қиын-ақ Қасымға сын,
Жыр-нөсері ешқашан басылмасын,
Күркіреген үніңді біз естиік,
Шығып жатқан әр кезде басым, басым.
Сыншыны да кеткенсің мойындамай,
Пәлсапаң да, ол рас ойың да бай.
Өлеңіңнен байқаймын мінезіңді,
Сілелеттің талайды сойылдамай.
Олар десем осылай елестетем,
Дей көрмеңдер санасы көмескі екен.
Күркіреген Қасым бар... Ілиясым,
Қиялымда дәл сондай, емес бөтен.
Екеуінің көремін сұлбасын да,
Ерекшелік бар және тұлғасында.
Бірі тұрса қарқара тау басында,
Бірі тұрар ақшүлен шың басында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қоңыр тірлік

  • 0
  • 0

Қоңыр тірлік,
Қараша айы зымыстан,
Жаздағы анау мәуелі ағаш, құнысқан.
Кершеуледі – жеп барады, жел, ызғар,

Толық

Ғасыр да тозған, мұқалған

  • 0
  • 0

Ғасыр да тозған, мұқалған,
Сана да сары, сүрленген.
Жанжалдың оты тұтанған,
Су шашсам ба екен кірленмен?

Толық

Күн ызғарлы суық тым

  • 0
  • 1

«Күн ызғарлы суық тым,
Майы қашқан қуықтың.
Қыз-қыз қайнар кезімді,
Әлдеқашан ұмыттым».

Толық

Қарап көріңіз