Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым – Әділбек Ыбырайымұлы

Бұл бетте «Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым» атты Әділбек Ыбырайымұлы жазған өмір туралы өлең берілген.

  • 21.02.2021
  • 0
  • 0
  • 746
Әсте тоқтап көрмеген ғұмыр-ағым,
Жетегімен әрнеге ұрынамын.
Кең дегенім – тар екен,
Сөйтсем, сөйтсем –
Ішіндегі диюмын құмыраның.
Болмақ емес жалғанда азат басым,
Жолдан тайып жолықтым кәззапқа шын.
Қиянат көп пендеге мен жасаған,
«Қарулыға – ерулі»
Азаптасын.
Келіп еді әлеумет қорғап, бағып,
«Мың жолдыны – бір жолсыз сорлатқан» ұқ.
Сыздағанда сүйегі қазағымның,
Тартшы менің жанымды сорбақта ғып.
Алып қашып барады адасқан күн,
Салғанына Құдайдың таласқан кім?
Қалың ойдан бастырып,
Құрым жабу,
Ұйқы көрмей кермеде таң асқанмын.
Қарап тұрсам қамауда, зындандамын,
Уысында қалыппын сұм жалғанның.
Өрмекшінің
Шыбындай торындағы,
Қайла таппай бұлқынып, жынданғанмын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері