Алакөлмен сырласу – Төреғали Тәшенов

Бұл бетте «Алакөлмен сырласу» атты Төреғали Тәшенов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 23.02.2021
  • 0
  • 0
  • 1175
Еңкілдеп келіп Ебінің желі соққасын,
Алакөл, ой-хой, толқыды дейсің, Хаққа шын.
Жосытып көшін, шалқуын-ай жарықтық,
Ағытып қойып алаңсыз Жоңғар қақпасын.

Көк қарлығаш – көк көлден ілген несібе,
Жақындай беріп жалт беріп ақты есіле.
Реликт шағала реттеп жүргендей,
Толқынның тілін – келтірген көлді нәшіне.

...Көкке ынтық көл ме, көлге іңкәр, әлде ғарыш жақ,
Жіберді бірі шөкімдей бұлтпен жазып хат.
Алуан сырлы алаша түзген ақшамда,
Алакөл десе, ала көл екен анық, хақ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері