Қарқара – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Қарқара» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.03.2021
  • 0
  • 0
  • 1311
Көрген жан таңғалады Қарқараны,
Алуан түс гүл жазира шартарабы.
«Тұзбұлақ», «Иірсу» мен «Құмтекейім»,
«Ереуіл» шежіресі жар салады.

Қарқара төржайлауым тарихымдай,
Даңқы бар жер жүзіне, танитындай.
Намысым, бойға біткен ақыл, күшім,
Киелі топырақтан даритындай!..

Қарқара қасиетті гүлді мекен,
Ерлікке тұғыр болып тұрды бекем.
Бір кезде шаһит кеткен боздақтарым,
Осынау туар таңды білді ме екен?!

Қысында аңға шығып қырауласаң,
Көктем де әнге басып жыр ауласаң.
Құлындай құлпырасың жаның сергіп,
Жазында шалғынына бір аунасаң.

«Мың жылқы», «Талды» басы көп қарағай,
«Иран бақ» Көкпар тартқан топ баладай.
Түлеген бауырыңнан ұл-қыздарың,
Бал жиып байтақ елге кетті арадай...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері