Беріле бермей қиялға – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Беріле бермей қиялға» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.03.2021
  • 0
  • 0
  • 1059
Беріле бермей қиялға,
Жағымды жырлар жазайын.
Беліме түскен құяңға,
Дәрігер берсін сазайын!

Ненің де болса шипасы,
Алладан болар қаласа.
Не көрмес бастың құйқасы,
Рахымы болар қараса.

Тежейтін керді бойдағы,
Келмеске қуып салайын.
Ұлғаймай тұрып ой дағы,
Ашайын жүрек сарайын.

Шеңбектеп алған қырсықты,
Шетінен қиып шешейін.
Сұғынып кірген тіл-сұқты,
Сүре жүзімен кесейін.

Байлаған бойды делсалдық,
Тірсектен алып тұсама.
Елік керге ер салдық,
Қалдырма мені құсаға!

Ауырса тәнім ширайды,
Жүрегім, миым жайында.
Қиындық деген қирайды,
Орын жоқ бүгін уайымға.

Шығайын топтан сурылып,
Бапкері өзім, өзімнің.
Қара жер қалсын қурылып,
Келмейді шаппай көз ілгім!..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері