Солай – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Солай» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.03.2021
  • 0
  • 0
  • 770
Бұдан да бұрын өмірден өткен өктемдер,
Жасырды қармен,
желегін жайып көктемдер.
Байлық пен мансап –
бәрі бір жалған, алдамшы,
Жым-жылас етіп жоғалтқан
ізін көк пен жер.
Әзір де, бүгін азуы алты қарыстар,
Гүжілдеп жүрген Арыстан, Бөрі, Барыстар.
«Жер бетін жеңіп,
табанға басып тұрмын» деп,
Көкейін тескен жұлдыз бен
анау ғарыштар...
Келешек – ертең жалғасар солай алмасып,
Періште – аян, шайтани – нәпсі арбасып.
Бәрінен бездім, Аллаһқа адал құл болып,
Қара су болсын бойыма қуат әр қасық!
Түсіндім түгел, түбіне жетпес тамамдап,
Қуғандар өзін арамдап бітер, арандап.
Аллаһтың айтқан ақиқатына бас иіп,
Жалбарынамын, көзімнің жасы тарамдап.
Жер менен көктің,
он сегіз мың ғалам нұр-тағын,
Біз білген алып, білмейтін әлем ұнтағын.
Жаратқан жалғыз ең ірі құдірет – ол Аллаһ,
Осыны ойдан шығармай өссін ұрпағым!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері