Арғыменен бергіні естіп өскен – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Арғыменен бергіні естіп өскен» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.03.2021
  • 0
  • 0
  • 679
Арғыменен бергіні естіп өскен,
Таразылап тарихты кескілескен,
Қатігездік заманның балғасына,
Жүрегімді еріксіз төстік еткем.
Армандарым қаншама қалды ақсаған,
Жібек жібі үзіліп жалғаспаған.
Тар қапаста тағдырым тәлкек болып,
Жаным – жара, солқылдап қан қақсаған.
Өкініштен удай боп кетер ішім,
Өктемдіктің көп көріп теперішін.
Әлсіздіктен әлемім түнектенер,
Болмай оған қарсылық етер ісім.
Ғасырларға кімдердің әні жеткен?
Немененің кеудеңе дәнін еккен?
Барлығын да сыбаға етіп тартар,
Көктен билік ететін тәңір өктем!
Тәңір өктем тәртіпке түсіреді,
Шикілігің бар болса, пісіреді.
Сынақ өмір сырғытып ағысымен,
Ақыр түбі ақ жейдең пішіледі.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері