Жан - нәресте – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Жан - нәресте» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 723
Пенделіктің ажырғысын
алып тастай алмадым,
Іс бітірер ертең бар деп өзімді-өзім алдадым.
Тән топырақ болғандықтан
жерге тарта береді,
Ұйқы арсыздың қызығына
ешқашан да қанбадым.
Мен келемін ұтылумен
тірлік дойбы – тіресте,
Қайта келу қайдан болсын
адамдықтың түрі өшсе.
Қолым бармай қожырасам
қойған үлкен мақсатқа,
Арманымнан алыстайтын
арбап мені түн өтсе...
Рухым әлсіз болғандықтан
ұйқым арсыз болып тұр,
Төзім берші, төреші Аллаһ,
көкіреке толып нұр.
Тән жетектеп тәлкек етті,
жан нәресте есеймей,
Аллаһ, мені құдіретті қуатыңа жолықтыр!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері