Намыс оты лапылдап өзегімнен – Дәулетбек Байтұрсынұлы

Бұл бетте «Намыс оты лапылдап өзегімнен» атты Дәулетбек Байтұрсынұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 10.03.2021
  • 0
  • 0
  • 793
Намыс оты лапылдап өзегімнен,
Өн бойымды күйдірсе жалындатып.
Қайтіп қана қорлыққа төземін мен,
Жарқ етпеген өлім ғой жанып жатып.
Өктемдік пен төзбеймін жолсыздыққа,
Оспадарлық көрсетсе, кектенемін.
Есе кетіп, қор болдық онсыз қыртқа,
Бейпілдерге «тоқтат сен» деп келемін.
Қыңыр сөзді жек көрдім, көтермедім,
Ыза басқа тебеді қаным керіп.
Кім біледі мен де асып кетер ме едім?
Түсіреді сабама Сабыр келіп.
Күйдіргенде жүректі намыс қарып,
Ұмытамын шатынап өзімді-өзім,
Ымыраның ауылы алыс қалып,
Найза ұшқындар ойнайды көзімде мың.
Білмегендей бейсауат қала алмаймын,
Жәбірленген пендеге жақтасамын.
Сонсоң барып иманға алаңдаймын,
Өртенгенде ұяттан ақ бас арым.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері