Тарқатшы бұрымыңды, тоты құсым –
Жүсіп Қыдыров
Бұл бетте «Тарқатшы бұрымыңды, тоты құсым» атты Жүсіп Қыдыров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Тарқатшы бұрымыңды, тоты құсым,
Ұнайды маған солай отырысың.
Айналдым мен керiлген қабағыңнан,
Жүректi көздеп атқан жанарыңнан.
Тарқатшы маған айтып сен мұңыңды,
Аялап мәпелейiн мен гүлiмдi.
Айналдым тал бойыңнан, тал шыбығым,
Көктемде сөнбейтiн боп жаншы, Күнiм.
Тарқатшы буған-түйген ашуыңды,
Маған-ақ тасташы сол жасыныңды.
Айналдым әзiлiңнен, әдебiңнен,
Ғашықтық, сен осындай әдемi ме ең?!
Тарқатшы бұлтың болса көңiлiңде,
Мөп-мөлдiр көргiм келер сенi күнде.
Айналдым күлуiңнен, қылығыңнан,
Айналдым тарқатылған бұрымыңнан.
Тарқатшы, тарқат бәрiн, тоты құсым,
Керемет сенiң осы отырысың!
- Серік Қирабаев
- Мұхтар Әуезов
- Міржақып Дулатұлы
- Сәкен Сейфуллин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі