Жел бесiктей әлдилейтiн менiң iңкәр жанымды – Жүсіп Қыдыров

Бұл бетте «Жел бесiктей әлдилейтiн менiң iңкәр жанымды» атты Жүсіп Қыдыров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 12.04.2021
  • 0
  • 0
  • 489
Жел бесiктей әлдилейтiн менiң iңкәр жанымды,
Желпуiштей желпитұғын сенiң сұлу жаныңды –
Бiз қосылып айтатұғын әндердi бiз сағындық,
Бiз қосылып айтатұғын әндер бiздi сағынды.

Ағаш бiткен мөлдiр мұздан алқа-моншақ тағынды,
Көк жазира кешегi – ендi ақ көрпенi жамылды.
Бiз екеуiмiз қыдыратын бауларды бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз қыдыратын баулар бiздi сағынды.

Сен де жалғыз қарсы аласың ерте оянған таңыңды,
Мен де жалғыз қарсы аламын ерте оянып таңымды.
Қол ұстасып жүретұғын жолдарды бiз сағындық,
Кiлем болып төселетiн жолдар бiздi сағынды.

Асқар таудан ағатұғын балбұлақтай ағынды,
Лебiнен жер балқыған жанартаудай жалынды.
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздердi бiз сағындық,
Бiз екеуiмiз аймаласар сөздер бiздi сағынды.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері