Тіршілік тіректері
Ақынның өлең-жыры - өмірлесі,
Емес ол ойнай салар көңілдесі.
Отына ғашықтықтың күйеді олар
Сүйеді бірін-бірі қалмай есі.
Дүниеге нұр сәулесін жаяды олар,
Сырлары сонда әмбеге аян болар,
Жаны ашып бір-бірінің саулығына,
Мүсіркеп, бірін-бірі аяр болар.
Нақсүйер, өмір-серік жарыңды еске,
Түсірер, бақытыңмен барыңды еске.
Тек осы ақын үшін өлең ғана,-
Осыны білмегеннің бәрі кеще!..
"Жоқпын" деп өлең болса, айтпас ақын,
Өзгедей бақыт жолын бақпас ақын.
Бақыты өлеңі боп коса туған,
Зардабын жалғыздықтың тартпас ақын.
Тамаша айтып кеткен оны Мағжан,
Ұмытпас ақыл, есі, ойы бар жан.
Сөз еді ол өзге емес, өзіне айтқан,
Бағасын дүниенің көріп арзан.
Сондықтан жұбатқан ол мұңды жанын
Жырымен тарқатқанда шын құмарын.
Сыймады жер бетіне көк перзенті,
Баянсыз көп қызықтың қиды бәрін
Болжады даласында аз қонысты,
Қаңқылдап аспанында қаз боп ұшты,-
Кетті ол сол ұшқаннан қайтып қонбай,
Ақымақтар өлтірдік,- деп мәз болысты...
* * *
Сол Мағжан соны білген неткен дана.
Дүниеде шеккен азап, көрген нала,
Сүйген жар, тапқан бала - бәрі қалып,
Көрге де бірге түсер өлең ғана...
Дүние дүрмегінен
Адасып қалған шақта,
Өтетін жүрегіннен
Бір жол бар - аман сақта.
Жалғыздық өкпегінен
Жанды алып қалатын сол,
Әмәнда төте жүрген
Абайға баратын жол.
Өлеңге баратын жол
Кезікпей құса-мұңға.
Кіргендей болатын жол
Әкенің құшағына.
Сонда сен ұғасың бір
Құшақтап бұл екеуін,
Өлеңнің кім екенін,
Әкеңнің кім екенін.
Ұғасың кісілікті -
Өмірдің күшін мықты.
Есіңе сақтағайсың
Ақыным бұл шындықты...
* * *
Ай бір күміс ақ табақ,
Күн бір алтын от шанақ,
Көзің барда қарап қал,
Беліңді бу, көкке бақ!
О, құдірет табиғат!
Сен ғанасың ақиқат,
Сенен өзге құбылыс
Бәрі жұмбақ, бәрі жат.
Ол да шындық түсінсең,-
Түсінбесең ішін сен,-
Жалған сыртпен әуресің,
От құсасың күрсінсең.
Солай, ақын жолаушым,
Жалғыз шындық - қолдаушың.
Жұрттың бәрі ұйқыда,
Сен ғана тек ояусың...
* * *
"Маржандай асыл сөзді айға айтушы ем,
Көк бұлттан түскен жайдай жайнатушы ем,
Сәбидей жаңа туған хош иісті
Әлдилеп тіл ұшында ойнатушы ем" -
Деп ем мен бұдан жиырма жылдай бұрын,
Жалтылдап тұрған шақта тудай жырым,
Басылып бара жатыр бірте-бірте
Бұл күнде сондай арқа, сондай жыным.
Бабым жоқ, бап табатын шеберім жоқ,
Бір шауып кетерім бар, келерім жоқ.
Аспан мен жерді қосқан қайран айқай,
Бұл күнде үндеуге де себебің жоқ.
Белгісіз болашағың бұлдыр сағым,
Таң атса, ойланды жұрт бір құрсағын,
Сенетін кісім де жоқ, ісім де жоқ,-
Шабылмай, қарап тұрып сынды сағым.
Оздырып ақындықтан әкімдікті,-
Көрінді атқа қонған әркім мықты.
Күндейді әлі тірі жүргеніңді
Дегендей "қатарыңның бәрі бітті!"
Ойласаң, ойың тозар, жаның жүдеп,
Кешегі жал, құйрықтың бәрін күзеп,
Қоймайды уақыт деген қара қайшы,
Жалмайды намысың мен арыңды жеп.
Көресің, көресің де көз жұмасың,
Соларға қарауға жоқ ықыласың,
Іздейсің ескі күннің елестерін,
Тапқандай өтірікші өз куәсін...
Өлеңді жазбай кеткен көптен бергі
Оятып, міне тағы көктем келді.
Боятып жеті түске бар әлемді,
Тағы бір сүйістіріп көк пен жерді.
Тағы бір алып мені есіне жұрт:
"Е, мынау бар екен ғой",- десін де жұрт.
Тағы бір тебіренейін жыр бесікте
Тұрғанда таңым кетіп, кешім келіп.
Неше том, жазған өлең неше кітап,
Көз көрген құбылыстың бәрін құптап,
Жинаған жүн-жұрқасын кәрі кемпір
Секілді кетерінде бір ұқыптап.
Сөреден бәрі қарап тұр байғұстар.
Дегендей: "кезің қайда қолыңа ұстар?"
Қайтсын-ай, олар да бір қаққан қазық
Мен кешкен үлкен өмір жолын нұсқар!
Қайтемін қиялымды енді күштеп,
Бір талай тастаппын ғой еңбек істеп.
Томпиған саусағымның сүйелдері
Иемге бара жатыр көнбегіш боп.
"Ақынның кімге керек мұнша зары"
Демеңдер, кейде көңіл мұң шалады.
Баяғы дүбірлеткен дүлдүл тұяқ
Қайтсе де қалады ғой бір шабары...
* * *
Ойлай, бойлай өмірді,
Жақсы, жаман көп көрдім.
Ауырды да, жеңілді
Бәрін бастан өткердім.
Енді аллаға мың шүкір,
Жалғыз жанға көп сауға.
Жатар жерің бір шұңқыр
Алтын сарай салсаң да.
Жас кезіңде ойлайсың,
Мәңгі жасайды екем деп,
Жүгіруді қоймайсың,
Қусам болды, жетем деп.
Ұлгайғанда ұмтылу -
Бір олжа да, бір зиян.
Үзілу де, жыртылу -
Бір жіңішке, бір жуан.
Қайран жастық сабырсыз,
Қай жыраға жықпадың,
Қайрат жұмсап дамылсыз
Таусыларыңды ұқпадың.
Енді мынау отырыс
Ескі томар түбінде.
Төңірегің тым-тырыс,
Айқай-думан түсіңде.
"Анау жоқ та, мынау жоқ",
Жоққа жетпес күшің де,
Болса болды көңіл тоқ,
ЬІлғи "жоқтың" ішінде.
Тоқ көңілдің - сол батыр
Жан жүдесе, бағатын.
Анау жақта жол жатыр
Өзің "жоққа" баратын.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі