Тырс, тырс, тырс – Әбілда Аймақ

Бұл бетте «Тырс, тырс, тырс» атты Әбілда Аймақ жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.04.2021
  • 0
  • 0
  • 1955
Тырс, тырс, тырс,
Желдетеді, тамшы ұрады.
Өшіп-жанып лыпылдап жан шырағы,
Жүрегім әрнені ойлап қансырады,
Сандалған санамда ой сансырады.
Қаңылтырға тамады суық тамшы,
Жон арқамды қабады суық қамшы.
Қайта-қайта қасыма келе берді-ау,
Қырық бір құмалағын буып палшы.
Тырс-тырс, тырс,
Қара жаңбыр тынбай тамар,
Шемен болған жүректе мұңды айта алар.
Мына менің жырымды өлгеннен соң,
Өзімдей боп, шіркін-ай, кім қайталар?
Мен де ғашық едім ғой бақ, талапқа,
Менің думан күндерім тоқтамақ па?
Жалғыз қалған сәттерде дәл осылай,
Тырс, тырс тамды жаңбырым ақ параққа.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері