Бұл бетте «Көк майса жерді көмкерді» атты Тортай Сәдуақас жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.
Көктем мен көк мұз айқасып,
Көмекке Көкек жеткенде;
Көксоқта болар кәрі қыс,
Көндіге алмай от демге;
Көмпиген қарлар шегініп,
Көлеңке деген шептерге;
Көк сүңгі қалар шытынап,
Көбесін мұздың сөккенде;
Көкдолы тасқын соқтығар,
Көнтерлі дейтін өткелге;
Көп дауы Ақ пен Қараның,
Көк ту боп жайнар бөктерде!..
Көзайым болған ағайын,
Көрісіп аман жеткенге;
Көрпесін төсер Наурыз,
Көжесін сыйлап текті елге!
Көнекөз берер батасын,
Көш түзеп, сапар шеккенге!..
Көз сүзіп туған жеріне,
Көштері құстың өткенде;
Көлшіктің көне көздері,
Көлбақа толғап кеткенде;
Көбелек бастар думанын,
Көк өніп, саздар кепкенде;
Көлбеңдеп ұшар көгіңде,
Көгершін менен кептер де;
Көкек пен бұлбұл жырлар кеп,
Көмейге таққан көп перне.
Көктің де иіп інгені,
Көл-көсір нұрын төккенде;
Көнетоз тонын шешіп ну,
Көйлегін жаңа еткенде;
Көнтақа тоңдар жіпсіген,
Көшеттер баққа еккенде;
Көсіліп жатқан жондарға,
Көп диқан меруерт сепкенде;
Көлкісе нөсер моншағы,
Көз жауын алған шөптерде;
Көк иісі жарар қолқаны,
Көлеңдеп самал өпкенде!
Көшірі мамыр, маусымның,
Көсемдеп сағым жеккенде;
Көк ала жылқы байланып,
Көнектер сүтке бөккенде;
Көделі жайлау жарасар,
Көгендер тартса көк белге.
Көшелер, кербез даңғылдар,
– Көлденең керіп көк перде;
Көзәйнек киіп көз алдың,
Көгілдір тартып кеткен бе?!
Көкірек тұнған сезімге,
Көңілсіз жүрген жоқ пенде;
Көзайым болған ғашықтар,
– Көксеген ойға жеткенде;
Көріктім, шығам алдыңнан,
Көрімдігім бұл деп мен де.
Көпіріп айтты демеңдер,
Көргенім осы көктемде;
Көркейіп бірге қалайын,
Көгершін – көңіл көкке өрле!
- Нарша Булгакбаев
- Марғұлан Сейсембай
- Әлкей Марғұлан
- Әлкей Марғұлан
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі