Қайда барып – Сәкен Иманасов

Бұл бетте «Қайда барып» атты Сәкен Иманасов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 28.05.2021
  • 0
  • 0
  • 1180
Қайдағы күйкі тірлік,
күңкілге еріп,
бара ма күннен-күнге күлкім кеміп,
шалардай ызғар-өмір үсігі анық,
алдыңа түсіп алып бүлкілдедік.
Алмады,
амал қанша, ығына айым,
тағдырдың,
қайда барсам,
мұңы дайын.
Алдайды үмітің де,
үгітің де,
қалмайды қыр соңымнан бір уайым.
Өзім де мұңға бола туғам ба анық,
тірліктің қай уына уланбадық,—
арыла бастадым-ау дегеніңше,
шығады тағы бірі сумаң қағып.
Жанымды жалаң қайғы жайлап алып
қатерге басты қанша байламадық,
жұтынан
діңкілдеген көңілімнің,
құтылам, құдайым-ау, қайда барып?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері