Өлең, жыр, ақындар

Жеңеше

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 637
Енді ойласам,...
отыздарға мол келген,
жесір еді, кесір еді сол жеңгем,
бұрым болып өрілмейтін қара шаш,
білек түгіл, көрінбейтін қол жеңнен.
Қолаң шашты қобырата бір тарап,
үсті-басын қағып-сілкіп, қымтап ап
жүруші еді,
күлуші еді сылқылдап,
ішіп алып ләйлісе жұрт арақ.
Абысыннан асыра айтып әнді үздік,
қажытқанын жасыра айтып жалғыздық,
қасымызға қисая сап кейде бір
көз шырымын алушы еді сәл мызғып.
Өзі болып арсыз көңіл көз құрты,
еркегі де қалмады еріп,
ез,
қырты,
оны көрсе жыбыр ете түсетін
елудегі Егордың да жез мұрты.
Біріне де бола алмады майлы ішек,
қой қайырып,
қозы бақты,
жайды ісек,
қайда барса қыр соңынан қалмайтын,
біздер оның "әмеңгері" — қайнысы ек.
Әлдеқандай етіп бізді, зорайтып,
шешеміз де тапсыратын соны айтып.
Жеңгеміздің жалғызілік жарасын
жүрміз деп те ойламаппыз молайтып!
Басқан ізін аңдығандай дәл бағып,
қайда барса, біз де бардық,
қалмадық.
Соған да мәз болушы еді жеңешем,
өзін-өзі алдап қойып,... алданып.
Қалжың айтып қағысқанда жездемен,
ағыл-тегіл ағылатын сөз деген,
елікке де ұқсап қалып сол шақта,
көріктене түсуші еді өзгеден.
Асықтырған өсек-аяң, күңкіл ме, —
бізге тастап қора-қопсы, мүлкін де,
бәрімізді "Қап!" — дегізіп,
жеңешем
басқа жаққа көшіп кетті бір түнде.
Мұндай кезде өсектің де оты үдер,
керауыздар одан басқа не тілер, —
"Естігенбіз" кетем" — деп те жүргенін.
"аяғы ауыр екен" — деп те көкіді ел.
"Төркініне кетті" — деді біреулер,
"түбіне... сол жетті!" — деді біреулер.
Жесірлігін, кесірлігін көре алмай,
жеңешеме кекті де еді біреулер.
Таппады ма өздерінен еш бедел,
көздерімен жер шұқыды бөспелер.
Көпке дейін жүрді ауызынан тастамай,
"анау еді", "мынау еді", — дескен ел.
"Жарға ұрынып жүре ме — деп, — қыз неме" —
анам оны көп іздеді күз келе,
жөн айтпастан кетті солай жеңешем,
өзге түгіл, әмеңгері — бізге де!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Албан Асан ескерткішіне

  • 0
  • 0

Армысың, Қарасаздың қалың елі,
Бармысың салқын самал, сары белі!
Жансүгір Ілиястың жерлесі едім,
Жатсынбай, жақсы ұлым деп таны мені!

Толық

Менің сырым

  • 0
  • 0

Шынымен қалғаным ба ұятқа анық,
... Кеудемнен ағыл-тегіл күй ақтарып.
Өзіме құдіреттей сенбеуші ме ем,
Бір ерлік жасайтын-ақ сияқтанып.

Толық

Інілерге реніш сөз

  • 0
  • 0

Жел өтінде тұра қалған топсыңдар,
әлі сендер көретін де кеп сын бар.
Дара құрмет дәметердей әзірге
жеке шауып жау түсірген жоқсыңдар!

Толық

Қарап көріңіз