Өлең, жыр, ақындар

Ардагер сөзі

  • 31.05.2021
  • 0
  • 0
  • 619
"Еркелеп" тағдыр маған, ерғашты ғып,
желкелеп, жетпіс бес жыл жер бастырып,
кеудемнен
кертіп алып,
тасып жатты,
таусылып бітпейтін бір кенді аштырып.
Арбалап асылымды, дорбалап та,
тасыды оң қанатқа, сол қанатқа,
тасыды масылы да, жасығы да,
бай-батша ғашығы да — қонған атқа.
Кім білген,
жақын тартып,
жат көргенін,
кеудеме,
кенін алып,
тақты орденін,
миыма соның бәрі жете сіңбей,
естілген кекесіндей қақ төрдегі үн.
Көрді ме, көрмеді ме шақпақ құрлы,
ұлына, құлына да мақтаттырды,
күн санап көкірекке даңғарадай
қайғы-мұң қандаладай қаптап кірді.
Ұл мен қыз,
ұрпағыңның пайдасы деп,
алдады алаяқтар айласы кеп,
санда бар, санатта жоқ көп мимырттың
қасына біз де барып жайғасып ек...
"Күні ертең бәрі жақсы болады!" — деп,
ұрысы, қарысы да тонады кеп, 
басында түкті ұқпадық,
шықтық барып
бір күні бассыз үйдің қонағы боп!
Менің де ел қатарлы есім бар-ды,
соны алды,
бірсыдырғы пошымды алды,
жоқ едік айлаға да, пайдаға да,
ауды да
айдалада көшім қалды.
"Түгіңді аяма деп, сүйікті елден", —
миыма қайдағыны құйып көрген, —
қалтамды қарақшыдай қақты да алды,
тірнектеп жарты ғасыр жиып келген.
Айдатып малымды алды,
барымды алды.
үргізіп ит пен құсқа
арымды алды
Әйтеуір, жаның қалды демесеңіз,
қайғым да қардай қатып, қалыңдалды.
Еліріп Еңбек ері деген атқа,
депутат болып көрдік, делегат та.
...Орны тұр үңірейіп өкініштің,
өзің біл, өткеніңді немен ақта!
Қалайша бізден басқа қалмады ермек,
алдайсың әлі күнге ардагер деп,
...Ойың да бар ма, қалай,
жарап жатса
жанымды жаһаннамға жалға бермек!..
Кетпеген құлағымнан көлгір үнің,
бірі едің сен де маған белгілінің.
Шынымен саған қарап қалған болса,
білмедім не боларын ендігі күн!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Айтар едім

  • 0
  • 0

Айтар едім, құдай-ау, айтар едім — тыңдар кім?
Ортасында отырып құлақ кесті құлдардың,
Өткізе алмай өзімді, жеткізе алмай сөзімді,
Терек болып теңселіп, ырғай болып ырғалдым.

Толық

Сен де бірі сияқты ең сүйкімдінің

  • 0
  • 0

Сен де бірі сияқты ең сүйкімдінің,
көкірегі көрікті күй тілдінің, ...
Осы араға келгенде жасып-ақ тұр,
қашып-ақ тұр, қайтейін, ұйқым бүгін.

Толық

Бірден асып, біреуден жүрдік пе кем?

  • 0
  • 0

Бірден асып, біреуден жүрдік пе кем?
Тәтті екен-ау, дүние-ай, тірлік деген.
Жақсы екен-ау жұмыс та күнде асығып,
Шаршап-талып жүрсек те бір бітпеген.

Толық

Қарап көріңіз