Қыпша белiң қылдырықтай – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Қыпша белiң қылдырықтай» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1506
Қыпша белiң қылдырықтай,
Омырауың бұлдырықтай.
Бұйра толқын қара шашың
Ай тығылған түнгi бұлттай.
Қимылдасаң, үркiп төсiң,
Қиылады кiрпiк, қасың.
Дегбiрдi алып демiгесiң,
Дегендейiн жұрт ұйқтасын.
Талып сүйсем – тұншығасың,
Жанып сүйсем – қымсынасың.
Құлқынына құшағымның
Бiр кiресiң, бiр шығасың.
Қолаң шашың арқадағы
Қолтығыма тарқалады.
Алқымыңнан əтiр аңқып,
Ерiнiңнен бал тамады.
Сезiмiңнiң iрке көшiн
Жанарыңнан нұр төгесiң.
Жалынымды өшiре алмай
Жабығыңды бүркенесiң.
Ие болмай ырқыңа шын,
Буырқансам, бұлқынасың.
Тiгiсiңнен сөгiлесiң,
Қиюыңнан жыртыласың.
Үркек, үлбiр, үр денесiң,
Бүршiк жарып, гүлденесiң.
Бүркiттейiн бүре түссем,
Түлкiдейiн түрленесiң.
Тұңғиыққа шым батасың,
Тылсымыңды тыңдатасың.
Емiс-емiс есiң кiрiп,
Əлсiн-əлсiн үн қатасың...


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері