Тақуаша табынып Елес-күнге – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Тақуаша табынып Елес-күнге» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 15.07.2021
  • 0
  • 0
  • 682
Тақуаша табынып Елес-күнге,
Тағдырыммен, бiлмеймiн, егестiм бе:
Сия алатын емеспiн дүниеге,
Қия алатын емеспiн сенi ешкiмге.
Сенiм менен Күдiктiң жекпе-жегiн
Мен қашанғы басымнан өткеремiн?
Жаз бен күзге көршiлес жазған басым
Көлеңкесiн қоримын көктеменiң.
Көктемiме көз сүзген көкаттылар
Сабырымды – сары алтын тонап тынар.
Шертiп қалсаң – шекемнiң тамыры iсiп,
Түртiп қалсаң – жүректен қан атқылар.
Мен Төзiмнiң тауы едiм – кенiшi едiм,
Сен Сезiмнiң бауы едiң – жемiсi едiң.
Сенiмiмнен сəт сайын секем алып,
Күдiгiммен күн сайын көрiсемiн.
Көктем мен Күз…
Жаз қайда арадағы?
Қар қылаулап, қаз ұшып барады əнi.
Арманымның ақ жiбек орамалы –
Ендi қашан көлге Аққу оралады?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері