Өлең, жыр, ақындар

Екі ауылдың арасы

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 1357
Жiгiт: – Арасын екi ауылдың алшақ делiк,
Не жетсiн көрiскенге аңсап келiп.
Үкiсiн үлбiретiп өзiң киген
Басылды-ау көзiме оттай кəмшат бөрiк.
ҚЫЗ: – Арасын екi ауылдың төбе делiк,
Жiгiттi сiзден бөлек елемедiк.
Елеңдеп екi көздi талдырғанша
Тұрмайсыз апта сайын неге келiп?
ЖIГIТ: – Апта емес, жүрер едiм күнде келiп,
Үйiңнен шығар болсаң бiрдеңе ғып,
Сыр ашпай,
Жөн сұрасам, бөгелесiң,
Ата-анаң жiбермекшi кiмге берiп?
ҚЫЗ: – Кiм сүймес қызылында қыз баланы,
Көңiлiңiз неден шошып сызданады?
Ата-анам
Əлпештеген ақ ботасын
Көлденең көкаттыдан қызғанады.
ЖIГIТ: – Арасы екi ауылдың алшақ делiк,
Жарасар кəмзолыңа кəмшат бөрiк.
Түндiгiн ақбоз үйдiң түрiп тастап
Жаныңа жантаяр ма ем шаршап келiп.
ҚЫЗ: – Арасы екi ауылдың қыр-беткейлi,
Кiм келiп бұл өмiрге, кiм кетпейдi.
Түзде өскен аңшы жiгiт ə дегеннен
Түлкiнiң алтайысын iндетпейдi.
ЖIГIТ: – Арасы екi ауылдың қыр-беткейлi,
Көркiңдi сипаттауға тiл жетпейдi.
Қаншама хордың қызы болсаң-дағы,
Басыңнан балғын дəурен күнде өтпейдi.
ҚЫЗ: – Байқаймын, үнiң жұмсақ, тiлiң майда ,
Келсе екен деп тұрсың-ау бiр ыңғайға.
Сөзiне сенемiн деп бозбаланың
Қыз байғұс қызыл шоққа ұрынбай ма?
ЖIГIТ: – Басыңа киген бөркiң құндыз ба едi?
Амалдап ақбоз үйге кiргiз менi.
Өсектен гу-гулеген қашам десең,
Төсектен таң алдында тұрғыз менi.
ҚЫЗ: – Жiгiттiң бiз бiлетiн көбi нашар,
Iлуде бiрi ғана көңiл ашар.
Кiремiн ақбоз үйге деп жүргенде
Жүрмесiн талап тастап Бөрiбасар?
ЖIГIТ: – Жаралған Ай нұрынан Ақбөпейiм,
Жiгiттiң, жақсы болсаң, тап көкейiн.
Iшiне ақбоз үйдiң кiргiзбесең,
Аулыма ат ылаулап ап кетейiн!
ҚЫЗ: – Арасы екi ауылдың келiм-кетiм,
Болады көз көрмесе, көңiл жетiм.
Аулыңа ат ылаулап апарғанда
Ажарлап кiм ашады келiн бетiн?
ЖIГIТ: – Қаз мойын, қасы-көзi қиылғаным,
Көрермiз, Алла жазса, бұйырғанын.
Жiгiтке нартəуекел бiр-ақ адым –
Арасы Онсегiз бен Жиырманың!
Көрермiз, Алла жазса, бұйырғанын…



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қыз он беске келгенде...

  • 0
  • 0

Қыз он беске келгенде құлпырады,
Жанарында күлімдеп Күн тұрады.
Қылығында қыл нəзік сезім ойнап,
Бұрымында бұрқырар гүлтұмары.

Толық

Элегия

  • 0
  • 0

Өтiп жатқан күндерiм бiрыңғайлы
Құлағыма сен жоқ деп сыбырлайды.
Тереземе тұтылған түн пердесi
Өз қолыңмен болмаса, сырылмайды.

Толық

Көмескi тартқан шақта көңiл-айнам

  • 0
  • 0

Көмескi тартқан шақта көңiл-айнам,
Көрiктiм, таба аламын сенi қайдан?
Тəрк еткен Перiштедей пенде жұртын
Алыстап кетесiң-ау сен де бiр күн…

Толық

Қарап көріңіз