Менің Мәжнүн – жүрегім – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Менің Мәжнүн – жүрегім» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 767
Кiмге керек бұл жүрек сен ұқпаған?!
Күз гүлiндей күн сайын семiп барам.
Кең дүние тұрғанда,
Кеуде деген –
Керек пе едi Мəжнүнге берiк қамал?
Мəжнүнiм-ай, зар болған Лəйлiсiне,
Қара көзiң телмiрер қай кiсiге?
Қара басын қамдаған қайманаға
Қайыршының мұңы не, қайғысы не?!
Өзiмдiкi болмай тұр, өз жүрегiм,
Оны қалай мен саған сездiремiн?
Күн қақтаған айналып бөзге реңiм,
Тез мұңайып,
Тез жылап,
Тез күлемiн...
Амалым не,
Ай-күннiң аманында
Ақылым да, таусылса амалым да?
Мəжнүн мұңын кiм ұғар, құдайым-ай,
Жəми жапан жұтылса жанарымда?!
Тəңiрiм-ай, қайда едi жарық күнiң?
Кiм түсiнер ғашықтың ғарiп тiлiн?
Өткiр жүздi қолыма қанжар түссе,
Жүрегiмдi тастар ем жарып бүгiн!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері