Сазына сағыныштың сый көңiлмен – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Сазына сағыныштың сый көңiлмен» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 16.07.2021
  • 0
  • 0
  • 646
Сазына сағыныштың сый көңiлмен
Қараймын айлы түнге əйнегiмнен.
Хабары бiр қаралық, қарағым-ай,
Қайтасың қаз-тырнаның қай легiмен?
Селт еткiр, сен не дейсiң, балшы Қайың?
Шыдайын,
«Шыда» десең, сəл шыдайын.
Қара бұлт, қайдан келiп жай ойнаттың,
Арқамды осып өткен қамшыдайын?
Ай қайда?
Жасырған ба жүзiн бұлт,
Керуенiн жүк тайлаған тiзiлдiрiп?
Айрылған Мəжнүн басым Лəйлiсiнен
Сұраймын сенi кiмнен үзiр қылып?
Баз кештiң бақилыққа, бəлкiм, менен,
«Сары ағаш сазға бiткен...» салтыңменен?
...Таң атып келе жатыр,
Тағы бiр таң –
Аптаған көкжиектi алтынменен.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері