Тайғанақтап қара жерде құлаған – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Тайғанақтап қара жерде құлаған» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тайғанақтап қара жерде құлаған,
Тарыққаннан кейде өксіп жылаған.
Естен шығып кеткенің бе, күндерім,
Естен бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Жамап-жасқап барды-жоқты құраған,
Жасқаншақтап жаттан жәрдем сұраған.
Ұмыт болып кеткенің бе, күндерім?
Ұмытады-ау, бәрін-бәрін бұл адам.
Таяқ жасап жаңқадан да сынадан,
Таяныш қып өткен қия, жырадан,
Ойдан шығып кеткенің бе, күндерім?
Ойдан бәрін шығарады-ау, бұл адам.
Артта қалып жиған мүлік дін аман,
Азат болып пенделік пен күнәдан.
Шу деп бір күн кетер болса мәңгіге,
Мәңгі бәрін ұмытады-ау, бұл адам.
Өмір жолы кейде соқпақ бұралаң,
Кім де болса шығар-ау, бір құлаған.
Сол үшін де сендерден мен сұранам:
Бақытының білем десе бағасын,
Өткенін де ұмытпасын, бұл адам.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері