Кеңшілік Мырзабековке – Исраил Сапарбай

Бұл бетте «Кеңшілік Мырзабековке» атты Исраил Сапарбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 21.07.2021
  • 0
  • 0
  • 719
Кеңшілік Мырзабековке

Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Ителгі,
Болмысқа мынау бола алмадың-ау икемді.
Қауыштың ерте қаланың қақ-соқ салтымен,
Тауыстың ерте жүгендей алмай жүйкеңді...
Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Қасқалдақ,
Құладың жерге əуелеп барып, аспандап...
Құйрығын мың-сан құбылтып мекер түлкідей
Мезгілсіз шақта мерт етті-ау сені қашқан бақ...
Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Қаршыға,
Аламан жырда атыңды бастың қамшыға!
Анаңдай қымбат,
Əкеңдей жұмбақ болғанмен,
Алдияр Өмір шалдуар жанға шамшыл, ə?..
Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан Лашын-ау,
Жайратқан сені жазмыштың жайдақ жасыны-ау.
Қимай да кеттің қылықты қыздай жалғанды,
Сыймай да кеттің ортаға біздің осынау!..
Торғайдан ұшқан,
Соры қайнап ұшқан, жас Қыран,
Қайтқалы өзің..,
Қамқалы белден қашты раң...
Құрғатармысың құрақты көлдің көз жасын,
Тіл қатармысың қара бір жердің астынан?..


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері